Орал қаласындағы 6 емхананың 4-де жастардың денсаулық орталығы ашылған.
Осы жерде студенттер мен оқушылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, білікті мамандардың көмегіне жүгінеді. Ал облыс бойынша 13 отбасын қолдау орталығы құрылған. Бүгін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко аталған ұйымдардың жұмысымен танысты. №5 емхана жанындағы жастардың денсаулық орталығы 2023-тің мамырында құрылыпты. Содан бері 7 мыңдай жасқа кеңес берілген. Терапевт, педиатр, психолог, гинеколог, дерматовенеролог, уролог сынды мамандар тек орталықта отырмай, осы төңіректегі оқу орындарын аралап жұмыс жүргізеді екен.
Самал Насырова, Жастар денсаулық орталығының меңгерушісі:
- 10 жастағы баладан бастап 29-ға дейінгі жастарға арналған орталық. Білікті мамандарымыз бар. Оқу орындарына барып түрлі ауруларды анықтауға арналған экспресс тесттер жасаймыз. Жастармен және олардың ата-аналарымен байланыс бар. Ерте жүктілік пен ерте некені болдырмау мақсатында түсінік жұргіземіз.
Дегенмен құпиялылық тұрғысынан әлі де дәрігерлерге сенбестік басым. Сол себепті жастармен байланыс негізінен әлеуметтік желі арқылы жүреді екен. Орталық жұмысымен танысқан Елена Тарасенко ұлт денсаулығының сапасын арттыру және басқа да өмірлік маңызды мәселелер жөніндегі ұлттық комиссия отырысында берген тапсырмалар басты назарда, — дейді.
Елена Тарасенко, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
- Жастардың тәрбиесі, денсаулығы еліміздің ертеңімен байланысты болғандықтан өңірлерге шығып, осы бағытта жұмысты бақылап жүрміз. Отбасын қолдау орталығында тек кеңес беріп қоймай, қандай отбасылар көмекке мұқтаж соны анықтайды. Бұл жұмыстарды мемлекеттік орган өкілдері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе, қоғам болып атқаруы тиіс. Бәрінің басын қосқанда ғана қажетті әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастырамыз.
Жұмыс тобы ертең Шыңғырлау, Бөрлі аудандарында болып, ұлттық комиссия отырысында берілген тапсырмалардың орындалуын зерделемек.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов, 24KZ