Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы қарсаңында Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің қатысуымен AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Олжас Бектенов депуттарды Президенттің 2019-2024 жылдарға аралығындағы Қазақстан халқына Жолдауы мен "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабардар етті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов фракцияның кеңейтілген отырысын аша отырып, Президенттің әрбір Жолдауы — ел дамуының стратегиялық пайымы мен азаматтардың ең өзекті сұрақтарына жүйелі жауап екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының Жолдаулары мен Президенттің сайлауалды бағдарламасы — ең негізгі маңызды құжаттар. Олардың сапалы орындалуы қоғамның билікке деген сеніміне негіз болады. Адамдар нақты өзгерістерді "осы жерде және дәл қазір" көргісі келеді. Біздің заң шығарушылардың да, Үкіметтің де ортақ міндеті — тапсырмаларды сапалы және мерзімінде орындау. Сондықтан біздің әрбір саяси маусымның басында Үкіметпен "сағат тілін салыстырып алу" тәжірибесін енгізгеніміз кездейсоқ емес", — деді Ерлан Қошанов.

Сөз сөйлеу барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің Президенттің стратегиялық бастамаларын орындау мақсатында дәйекті жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Жалпыұлттық жоспар шеңберінде елдің тұрақты дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылуда.

Мемлекет басшысының саяси бағдарының арқасында ел экономикасы орнықты өсім көрсетіп келеді. Жеті айдың қорытындысына сәйкес өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Тау-кен өнеркәсібінде сирек және жерде сирек кездесетін металдарды игеру бойынша өсудің жаңа бағыттарын көріп отырмыз", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдап, Парламентке енгізді. Базалық сценарий бойынша үш жыл ішінде экономиканың нақты орташа жылдық өсімі 5,3%-ды құрайды.

Салық реформасының нәтижесінде экономиканың өсуін ынталандыратын шығындар 10,9%-дан 16,1%-ға дейін өсетінін атап өткен жөн. Соның нәтижесінде біз бизнестің дамуына инфрақұрылымдық және қаржылық тұрғыдан қолдау көрсете аламыз. Сонымен қатар Мемлекет басшысы тапсырғандай, біз бюджеттің әлеуметтік бағытын сақтап, қабылданған әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуын қамтамасыз етеміз", — деп атап өтті Премьер-министр.

Инвестициялық саясатқа ерекше назар аударылуда. Өткен жылдың өзінде шетелдік капиталдың қатысуымен жалпы құны $1,3 млрд болатын 45 жоба іске қосылды. Жалпыұлттық пулға шамамен $144 млрд-ты құрайтын 1100-ден астам жоба кіреді.

Олжас Бектенов өнеркәсіп өндірісінің артқанын, жыл басынан бері өндіріс индексі өткен жылғы көрсеткіштен 6,9%-ға асып түскенін атап өтті. Премьер-министр биыл 20 мыңнан астам жұмыс орнын құрылып, өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құру бойынша 17 ірі жобаны жүзеге асыру жалғасуда. Бұл бастамалар отандық шикізатты барынша пайдалануды және қосалқы өндірістерді дамытуды көздейді.

Агроөнеркәсіп кешенінде өнімділікті арттыру және экспорттық әлеуетті нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемін екі есеге арттыру нәтижесінде шаруалар егіс науқанын сәтті өткізді. Бүгінгі таңда 15 өңірде егін орағы жүріп жатыр, қазірдің өзінде 6 млн тоннадан астам астық бастырылды, бұл — жалпы егін көлемінің 30%-ы. Олжас Бектенов экспорт географиясының айтарлықтай кеңейгенін атап өтті, ал жеткізілетін өнімдердің едәуір үлесі жоғары қосылған құнға ие.

Әлеуметтік салада Үкімет азаматтарды қолдау жөніндегі шаралар кешенін іске асыруда. Көмектің атаулылығын арттыру үшін ресурстарды шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға бағыттауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформа құрылды.

Елімізде білім беру мекемелерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуде. "Келешек мектептері" жобасы аясында 310 мың орынға арналған 160 мектеп бой көтерді. Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылына сәйкес кәсіпорындардың сұраныстары бойынша оқитын студенттер саны үш есеге, ТжКБ жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру екі есеге көбейді. Бұл ретте бес жыл ішінде жатақханалардағы орын тапшылығы 61 мыңнан 17 мыңға дейін қысқарды.

Денсаулық сақтау саласында осы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өлім-жітім көрсеткіші 3%-ға, нәресте өлімі 22,7%-ға төмендеді. Халықтың өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жыл 4 айға жетті.

"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында өңірлерде 655 медициналық нысанның 540-ы салынды. Бұл орталықтар шамамен 1 млн ауыл тұрғынын медициналық қызметтермен қамтиды", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі — өңірлердің дамуындағы диспропорцияларды жою екенін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл халықты 100% пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары аяқталатын болады. Оларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 147 млрд теңге және Арнаулы мемлекеттік қордан 160 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жұмыстар 17 қала мен 463 ауылды қамтиды.

Үкімет алдына қойған басым міндеттерінің бірі- энергетиканы дамыту. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы жаңғыртудың маңызды құралына айналды. Екі жыл ішінде 12 мың шақырымнан астам инженерлік желілерді жөндеуге 600 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл желілердің тозуын орта есеппен 6,2%-ға пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.

Көлік саласында биыл 13 мың шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, теміржол саласында "Достық — Мойынты" учаскесінің екінші жолдарының құрылысы аяқталды, бұл жоба өткізу қабілетін 5 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Цифрландыру саласында тәжірибелік пайдалануға Ұлттық жасанды интеллект платформасы енгізілді. Президенттің тапсырмасы бойынша Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылды, ол өңірдегі ең қуатты есептеуіш жүйе болып саналады. Экономиканың барлық салаларын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. IT қызметтерінің экспорты 2021 жылы $30 млн-нан 2024 жылы $700 млн-ға дейін өсті.

Бұдан бөлек, Үкімет "Таза Қазақстан" Президенттік бастамасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қозғалыс 10 млн-нан астам азаматты біріктірді: 383 мың тоннадан астам қалдықтар жиналды, 825 мың гектар аумақ тазартылды, 2,4 млн ағаш отырғызылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жариялаған "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нашақорлықтың салдарымен ғана емес, сондай-ақ оның себептерімен күресуге бағытталған үш жылдық кезеңге арналған нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі жаңа кешенді жоспар әзірленуде.

Олжас Бектенов Президенттің Жолдаулары мен сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар дәйекті жүргізіліп жатқанын және ел дамуының негізгі бағыттарын қамтитынын атап өтті.

Жалпыұлттық жоспардың барлық іс-шаралары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда және Үкіметтің бақылауында. Біз Парламентпен тығыз ынтымақтастықта қойылған міндеттерді орындау бойынша жұмысты жалғастырамыз. Біздің ортақ мақсатымыз — одан әрі тұрақты дамуды қамтамасыз ету", — деп атап өтті Премьер-министр.

Сондай-ақ отырыс барысында Премьер-министр мен Үкімет мүшелері фракция депутаттарының ел экономикасын дамыту шаралары, бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту, халық табысын арттыру, әлеуметтік саясатты жетілдіру, өңірлердің инфрақұрылымдық дамуына қатысты нақты мәселелерді шешу және басқа да мәселелер жөніндегі сұрақтарына жауап берді.

AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мәжіліс пен Үкіметтің мұндай кездесулері "Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет" қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, нақты нәтиже беретінін атап өтті.

Үкімет пен Парламенттің үйлесімді жұмысы — тиімді мемлекеттік саясаттың негізі. Себебі біздің мақсатымыз — елдің өркендеуі, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл үшін Президенттің сайлауалды бағдарламасында және Жолдауларында көрсетілген тапсырмалар уақтылы орындалуы тиіс. Тек бірлесіп әрекет ете отырып, біз нақты нәтижелерге қол жеткіземіз", — деп сөзін түйіндеді партия төрағасы.