Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 4 қыркүйекте ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге жеделхат жолдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент Қытайға ресми сапары барысында қазақ делегациясына көрсетілген қонақжайлық пен достық ілтипат үшін Төраға Си Цзиньпинге алғыс айтты, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР басшысымен жүргізген келіссөз нәтижесін жоғары бағалап, екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайту үшін күш-жігер жұмылдыруға дайын екенін жеткізді.
Айта кетсек, 2025 жылы 1 қыркүйкте Қасым-Жомарт Тоқаев "Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету" тақырыбына арналған "ШЫҰ плюс" саммитінде сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалаудың қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы ШЫҰ даму банкін құру туралы бастаманы қолдады.
Президент саммитте климат мәселесіне айрықша назар аударып, Каспий теңізінің мүшкіл хәлі туралы да айтты. Сондай-ақ серіктестерге Өңірлік экологиялық саммитті келесі жылы сәуір айында Астанада өткізу туралы шешім қабылданғанын хабарлады.
Президенттің Қытайдағы сапары Бейжіңде жалғасты. Президент 2025 жылғы 2 қыркүйекте Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, еліміздің инвестициялық әлеуетін таныстырды.