Елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр.
Форумдағы "Банктік шеңберден тыс: Экожүйелер, институционалдық трансформация және қаржының болашағы" сессиясында банк нарығындағы тенденциялар туралы сөз болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
АХҚО Әкімшілігі Директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Хусаиновтың айтуынша, бүгінгі таңда байқалып отырған негізгі үрдістің бірі – банктік қызметтердің дәстүрлі бизнеске енуі.
"Сол сияқты дәстүрлі компаниялар өз қосымшалары арқылы банктік қызметтерді ұсынып жатыр. Бұған екі ірі мегатренд әсер етіп отыр. Біріншісі – жасанды интеллект. Ол біздің өмірімізге белсенді түрде еніп, бұл банктерге қатысты көзқарасты ғана емес, банктердің ішкі құрылымын да түбегейлі өзгертуде. Екінші мегатренд – криптовалюта мен цифрлық активтер түріндегі баламалы қаржы экожүйесінің пайда болуы. Қазір орталық банктер өздерінің цифрлық активтерін шығарып жатқанын байқауға болады. Өз кезегінде бұл да банк жүйесінің келешегіне айтарлықтай ықпал етіп отыр", – деді Хусаинов.
Ал LMAX Group компаниясының даму жөніндегі бас директоры Барбара Поздоровкина банктер криптовалюта саудасымен айналыспайтынына назар аударды.
"Бұл криптовалюта нарығында реттеуші тарапынан банктерге қатысты айқын ережелердің болмауына байланысты. Соңғы он жылда криптоиндустрияға қатысты заңнамалар көп бола қоймады. Бірақ та, соңғы он екі ай ішінде бұл сала жаңа кезеңге аяқ басты деуге болады. Елеулі өзгерістер АҚШ-та ғана емес, Еуропада да жүріп жатыр. Мұнда MiCA тәртібі енгізілді әрі көптеген ірі компаниялар бүкіл Еуропа бойынша лицензия алып жатыр", – деді сала маманы.
Спикердің сөзінше, ірі банктер криптовалюта саудасына араласқан уақыттан бастап нарық қазіргі бөлшектік сипаттан институционалдық деңгейге көшеді.
"Осылайша әлдеқайда жоғары стандарттар қалыптасады. Ал инфрақұрылымға келетін болсақ, дәстүрлі және цифрлық нарықтың ұштасуы салаға оң әсер етеді", – деді Барбара Поздоровкина.
Бұл ретте Valor Capital компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры Талғат Аюпов қаржы нарығына жасанды интеллектің белсенді енгізілуі туралы пікір білдірді.
"Қазіргі таңда инвестициялық компаниялар белсенді түрде қолданып жатқан бірнеше бағыт бар. Жасанды интеллект әмбебап көмекші әрі әмбебап деректерді талдаушы екені белгілі. Оның кез келген аналитиктер тобынан әлдеқайда жылдам ақпарат жинауға мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде ЖИ талдау және болжау бағытында белсенді қолданылып жатыр", – деді ол.
Сала маманы жасанды зерде ақпаратты жинақтауда көмектесетін толықтырушы құрал екенін еске салды. Ол алдағы уақытта саладағы ЖИ-дің қатысу үлесі артатынына сенімді.
"Кез келген дүниенің артықшылығынан бөлек, белгілі бір сын-қатерлері туралы да айта кеткен жөн. ЖИ-ге шектен тыс сеніп қалмау маңызды немесе осындай қауіп-қатердің алдын алуда көмектесетін қосымша құралдарды пайдаланған жөн", – деді Талғат Аюпов.