Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков мәлім етті.
Қазақстан үш ғарыш аппаратын Нигерия, Конго және Моңғолияға экспорттаудан 70-75 миллион доллар табыс алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, қазір алты ғарыш аппаратын құрастыру іске асырылып жатыр. Соның ішінде төртеуі жерді қашықтан зондтауға арналған оптикалық спутник, тағы екеуі жер бетін сканерлеу және 3D кеңістік деректерін беретін радарлық спутник.
Әзірленіп жатқан аппараттардың үшеуі Конго, Нигерия және Моңғолияға экспорттауға арналған.
"Бұл жерде осы экспорттық келісімшарттар бойынша жалпы мәліметті айта аламын. Өйткені, келісімшарт талаптары бойынша әр спутниктің құнын жариялауға болмайды және ондағы нақты мән-жайды білмеймін. Менің бағалауым бойынша, бұл үш спутниктің жалпы құны 70-75 миллион доллар шамасында", – деді Мәлік Олжабеков.
Ведомство өкілінің сөзінше, Қазақстанға арналған спутниктерді әзірлеу жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталады.
"Оларды құрастыру қарқынды жүріп жатыр. Егер қателеспесем, 2027 жылдың басында ғарышқа ұшырылады. Тағы үш аппарат 2028-2029 жылдар аралығында дайын болады", – деді вице-министр.