Қазақстанда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауды тоқтату мүмкіндігі талқыланып жатыр. Мұндай шара ел бюджетіне оң әсер етеді деп күтілуде. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалында.
"Ашық НҚА" сайтында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын жариялады.
Құжатта қандай да бір себептермен тіркеуі жоқ немесе оны растай алмаған азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді тоқтату идеясы келтірілген.
Қазіргі уақытта елімізде тұрақты тіркеуі жоқ 100 мыңға жуық адам зейнетақы мен жәрдемақы алады, тағы 28 мыңы уақытша тіркеуде тұр.
Осыған байланысты азаматтарға мониторинг жасап, олардың тұрғылықты жерінде тіркелмегені анықталса, мән-жайлар анықталғанға дейін зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру ұсынылады.
"Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұруы туралы мәліметтер расталмаған адамдарға зейнетақы мен жәрдемақыны (соның ішінде жасына, еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін және алушыларға мемлекеттік жәрдемақыларды) төлеуді тоқтата тұру ұсынылады", — деп атап өтті Еңбек министрлігі.
Құжат авторлары мұндай шаралардың қабылдануы басқа елде тұруға ықтиярхаты бар зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың наразылығын тудыруы мүмкін болса да, бюджет қаражатының жұмсалуына оң әсер ететінін атап өтті.
Айта кету керек, консультативтік құжат заңды емес, яғни талқылау Әлеуметтік кодекске өзгерістер әкелмейді – мұндай түзетулер күшіне енуі үшін жеке заңнамалық акт қажет.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз