Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) таратқан жаңа деректерге сәйкес, бүгінде әлем бойынша 1 миллиардтан астам адам психикалық бұзылыстардан зардап шегіп отыр. Бұл қатарға депрессия, үрейлі жағдайлар және басқа да психоэмоциялық сырқаттар кіреді, деп жазады Egemen.kz.

Мұндай сырқаттар тек адамның өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға, тіпті экономикаларға ауыр салмақ түсіреді. Ұйым мәліметінде:

«Мұндай сырқаттар жеке адамдар мен отбасылардың медициналық шығындарын көбейтеді және әлемдік экономикаға үлкен залал келтіреді», делінген.

ДДСҰ-ның «Қазіргі әлемдегі психикалық денсаулық» баяндамасында бұл бұзылыстардың таралуы жасқа да, табыс деңгейіне де байланысты емес екені айтылған. Олар барлық елде, барлық әлеуметтік топтарда кездеседі. Сонымен қатар зерттеулерде мұндай жағдайлар әйелдерде жиірек байқалатыны анықталған.

Экономикалық шығын да аз емес. Мысалы, тек депрессия мен үрейлі жағдайлардың өзінен әлемдік экономика жыл сайын 1 триллион доллар жоғалтады. Оның ішінде емделуге жұмсалатын тікелей шығындар да бар, алайда негізгі шығын еңбек өнімділігінің төмендеуінен туындайды.

Ұйымның пікірінше, мәселені шешу үшін мемлекеттер психиатриялық қызметтерді әділ қаржыландыруы керек, адам құқықтарын қорғауға бағытталған заңдарды жетілдіруі тиіс, психиатр-дәрігерлер мен мамандар даярлауға тұрақты инвестиция салуы қажет.

ДДСҰ үкіметтер мен халықаралық ұйымдарды бұл бағытта шұғыл реформа жасауға шақырып отыр. Себебі психикалық денсаулық мәселелері тек жеке адамдардың ғана емес, тұтас қоғамның дамуына да тікелей әсер етеді.