Өңірдегі екі мектепте электр желілерінің қысқа тұйықталуы болды.
Кеше барлық мектеп шәкірттері үшін оқу жылының алғашқы күнінде сабақтар өтті. Алайда Павлодар облысындағы екі білім ордасының балалары бұл күні мектептен шығуға мәжбүр болды, деп хабарлайды inbusines.kz тілшісі.
Себебі екі оқу орнынан түтін шығып, өрт сөндірушілерді шақыруға тура келді. Алдымен Павлодар қаласына қарасты Атамекен кентіндегі №33 мектептен хабар түсті. Белгілі болғандай, асханадағы желілердің қысқа тұйықталуы болған. Абырой болғанда, өрт шыққан жоқ. Десе де, құтқарушылар келгенге дейін 460-тан астам адам өздігінен эвакуацияланды. Олардың қатарында 421 оқушы бар.
Арада бір сағат өтер-өтпесте төтенше жағдай қызметіне тағы бір хабар жетті. Бұл жолы Баянауыл ауданындағы №3 мектептегі электр сымдары тұйықталды. Салдарынан жарықдиодты шамның пластикалық корпусы балқып кеткен. Бұл оқу орнынан 101 адам, оның ішінде 91 оқушы эвакуацияланды.
Төтенше жағдай қызметі мамандарының мәлімдеуінше, екі жағдайда да ешкім зардап шеккен жоқ. Ал өрт сөндірушілер ғимаратты толығымен бақылаудан өткізіп, желдетті.