Қыркүйектің үшінші онкүндігінде Алматы қаласында Хатлон облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының өтініші бойынша және Тәжікстан Республикасының Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы, Душанбе қаласының басшысы Рустами Эмомалидің тапсырмасымен өткізіледі.
Жәрмеңкеде Хатлон облысының жаңа піскен жемістері, кептірілген өнімдері, көкөністері, қарбыз-қауыны және өзге де табиғи өнімдері ұсынылады. Сондай-ақ консерві зауыттары мен ұлттық тәттілер (қант, науат, халва, күлше) өндірушілері өз тауарларын көпшілік назарына ұсынады.
Айта кетейік, биылғы 16-17 тамызда Астанада Тәжікстан ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өнімдері, халық қолөнері мен ұлттық тағамдарының көрмесі өткен болатын. Оған Соғды облысының шаруа қожалықтары, қолөнершілері мен кәсіпорындары 1000 тоннадан астам өнім әкелген еді.