Қазақстанда жасанды интеллект белсенді түрде дамып, жаңа білім беру бастамалары енгізілуде. Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР ЦДИАӨМ деректеріне сәйкес, IT саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр.
Елдегі IT-компаниялардың саны 18 мыңнан асты, соңғы үш жылдағы өсім 16%-ды құрады. Маңызды драйверлердің бірі – 1700-ден астам қатысушыны біріктіретін халықаралық технопарк Astana Hub-тың дамуы болды.
Резиденттердің жиынтық кірісі 1,2 трлн теңгеге жетті, ал экспорттық түсім 140 млрд теңгеден асты.
Сондай-ақ инновациялық экожүйенің негізгі элементіне айналған өңірлік IT-хабтардың саны Қазақстанда 19-ға жетті. Бұдан бөлек, шетелдік алаңдар ашылды: Сауд Арабиясында, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Дубайда және Қытайда.
MIT (Массачусетс технологиялық институты) университетімен бірлесіп, жасанды интеллектті мектеп бағдарламаларына енгізу басталды: алдымен 1-4 сынып оқушыларына, кейін 12-сыныпқа дейін.
Айта кету керек, мамыр айында алғашқы Республикалық жасанды интеллект олимпиадасы (AI Olymp) өтті: ұлттық құрамға кірген екі команда Бейжіңде өткен халықаралық олимпиадада сәтті өнер көрсетіп, 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль иеленді. Қазақстан алтын медаль саны бойынша Польша, Үндістан және Вьетнаммен бірге 4-орынды бөлісті.
Сонымен қатар, AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылды – бұл Орталық Еуразиядағы мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларын үйрететін алғашқы жоба. Ол мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруды мақсат етеді.
"2024-2025 жылдар жасанды интеллект саласындағы маңызды бастамалардың кезеңі болды. 2029 жылға дейінгі тұжырымдама бекітілді, жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны дамыту стратегиясы, сондай-ақ жасанды интеллект туралы заң жобасы әзірленіп жатыр", – деді ҚР ЦДИАӨМ министрі Жаслан Мадиев.
Қорытынды бөлімде, мамандарды даярлау мен ғылыми зерттеулерге арналған платформа болатын Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау кезінде қазақстандықтардың жиынтық мүлкін бағалау үшін жасанды интеллектті қолдану жоспарлары туралы айтқан еді.