Алматыдағы «Пинта» мейрамханасы тірі түйелерді шоуға пайдаланғаны үшін қоғамның қатаң сынына қалды. Қонақтар мен әлеуметтік желі қолданушылары мекеменің әрекетін жануарларға қатыгездік деп бағалап, 2GIS платформасында мекенжайы көрсетілген бетіне шағым қалдырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

mlfscl есімді қолданушы Гоголь көшесі, 169 мекенжайындағы мейрамхана бұған дейін де жануарларды тақырыптық кештерде пайдаланғанын еске салды. Оның айтуынша, ішімдік ішілетін жерде жиі төбелес пен тәртіпсіздік орын алатыны белгілі, сондықтан ондай ортада түйелердің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Анастасия есімді қала тұрғыны «Пинта» мейрамханасының қадамын заманауи қонақжайлылық қағидаларына сай емес деп сынап, жануарларды ойын-сауық үшін қолдануды тоқтатуға шақырды. Ал Алекс Кривоногов болса, өз пікірінің модератор тарапынан өшірілгеніне наразы болып, тірі жануарларды «декорация» ретінде пайдаланудың дұрыс еместігін айтты.

«Бұл желіге баруды ешкімге ұсынбаймын. Олар қорғансыз жануарларды маркетинг құралына айналдырады», – деп жазды тағы бір желі қолданушысы.

Бұдан бөлек Аида Чикабаева да жануарларға жасалған қатыгездік үшін бір жұлдыз қойып, мейрамхананы ең жағымсыз орын деп бағалады және өзімен қатар достары да енді келмейтінін хабарлады. Ол адамдарды теріс пікірлерді көбірек жазуға шақырды.

Ал Шахизям Исамду мейрамханаға барғанын, тамақ пен сыра ұнамағанын, алайда жануарларды неге әкелгендерін түсінбейтінін айтып, түйелермен жасалған көрініске шүйлікті.