Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы Бестерек ауылындағы жол апатынан зардап шеккен үш баланың қазіргі жағдайын айтты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Астанаға жеткізілген 2016 және 2018 жылы туған екі баланы ауруханадан шығаруға дайындап жатыр.
"Барлық қажетті емдік-диагностикалық шаралар жүргізілді. 2 қыркүйекте баланың жағдайы қанағаттанарлыққа жақын деп бағаланды. Шағымы жоқ, тәбеті жақсы. Бала белсенді. Ертең, 4 қыркүйекте ауруханадан шығады", — делінген ресми мәлімдемеде.
Сондай-ақ 7 жасар ұл баланың да жағдайы жақсарып келеді. Жоспар бойынша, оны да 4 қыркүйек күні ауруханадан шығаруға дайындап жатыр.
Алайда Семейдегі ауруханада жатқан 2015 жылы туған баланың жағдайы әлі де аса ауыр деп бағалануда. Жасөспірім әлі де комада жатыр. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оған барлық қажетті емдік-диагностикалық шаралар жүргізіліп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз