Алматыда жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың (ЖҚАЖ) қызметкері батылдық танытып, өз-өзін өртеп, қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды.
Оқиға Достық даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында болды. Кәмелетке толмаған екі бала полицияға ойын-сауық орнының жанында ер адамның өз-өзіне қол жұмсамақ болып тұрғанын хабарлаған. Хабарлама түскен сәтте полиция оқиға орнына дереу жеткен. Мас күйінде болған ер адам от қойып үлгерген.
Полиция аға лейтенанты Бекмырза Мұхаметов өртті дер кезінде ауыздықтап, қайғылы жағдайдың алдын алды. Ер адам медициналық бригадаға тапсырылып, оған психолог-дәрігерлер көмек көрсетті.
Алматы қалалық ПД ЖҚАЖ командирі Азамат Исергужиннің айтуынша, бұл оқиға полиция қызметкерлерінің жұмысы тек тәртіп сақтаумен шектелмейтінін көрсетті. Олар қиын сәтте батылдық танытып, адам өмірін құтқаруға әрқашан дайын болуы тиіс.