Астанада бірқатар ұйым 15 қыркүйектен бастап жаңа жұмыс кестесі бойынша жұмыс істейді. Бұл шешім жолдарда кептелісті азайту мақсатында қабылданып отыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Әкімдіктің мәліметінше, өзгерістер қала орталығында орналасқан мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты.

"Осыған сәйкес, 15 қыркүйектен бастап қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс күні таңғы 7:30-да басталады, Астана әкімдігінің қызметі – 7:30, кейбір мемлекеттік органдар мен жартылай мемлекеттік компаниялар – 7:30-8:00 аралығында бастайды. Жұмыс уақытының аяқталу сағаты да сәйкесінше өзгертіледі", — делінген хабарламада.

Жеке сектор, бизнес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, ХҚО және басқа әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесі өзгермейді.

Әкімдік кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдардың жұмыс күні бұрыннан 8:00-де басталатынын еске салды.

Әкімдік өкілдері бұл шаралар негізгі магистральдардағы таңғы және кешкі сағаттардағы көлік ағынын азайтуға бағытталғанын атап өтті.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз