1 тамыздан басталатын ұлттық ауыл шаруашылығы санағына жұмыссыз азаматтар тартылады.
300 азамат еліміздің 70 қаласында өтетін санақ жұмысына интервьюер ретінде шақырылмақ, деп жазады inbusiness.kz сайты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Жұмыссыз ретінде тіркелгендерге арнайы қысқа мерзімді жұмысқа орналасу туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Олардың міндеті — үй аралап сауалнама жүргізу.
"ҚР Ұлттық статистикалық бюросымен бірлескен жұмыс шеңберінде Қазақстанның 70 қаласының азаматтары бір мезгілде 1414 қызметінен ауыл шаруашылығы халық санағын өткізу үшін санақ қызметкері (сұхбаттасушы) ретінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы SMS-хабарламалар алады.
Ауыл шаруашылығы санағы 1-31 тамыз аралығында арнайы интернет-порталда өзін-өзі толтыру әдісімен, ал 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында санақ қызметкерлерін тарта отырып, жеке әңгімелесу әдісімен жүргізіледі", — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Жалақысы өңір мен жұмыс көлеміне қарай белгіленеді.