Жыл басынан бері елде агроөнеркәсіп кешеніне 616 млрд теңге инвестиция тартылды.

Жалпы қаражаттың 443 млрд теңгеге жуығы ауыл және балық шаруашылығына, 104 млрд-тан астамы азық-түлік өндірісіне, 70 млрд-қа жуығы сусындар өндірісіне бағытталды.

Қаржыландыру көлемі бойынша Шымкент, Алматы қалалары мен Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Абай облыстары көш бастады. Ал Астана, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау өңірлерінде қаражатты игеру деңгейі төмен.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жалпы алғанда секторға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартуға ниетті. Жол картасы аясында 2027 жылға дейін елде жалпы құны 3,4 трлн теңге болатын 683 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде оның елуден астамы Түркістан, Алматы және Қостанай облыстарында пайдалануға берілді.

Одан бөлек, биыл 758 ветеринариялық нысан салу көзделген. Оның 428-і ветеринариялық пункт, 233-і мал қорымы және жүзге жуығы сою кешендері.

1) АӨК-ке 616 млрд тг инвестиция тартылды

Ауыл және балық шаруашылығына — 442,7 млрд тг

Азық-түлік өнімдері өндірісіне — 104,2 млрд тг

Сусындар өндірісіне — 69,7 млрд тг

2) Ауыл шаруашылығына жоспарланған инвестиция - 2 трлн тг

683 жоба – 3,4 трлн тг

3) 758 ветеринариялық нысан салынады

Ветеринариялық пункт — 428

Мал қорымы -233

Мал сою кешені — 97