Астанада полицейлер ұрлық жасаған екі күдіктіні ұстап, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Екі оқиға да бейнебақылау камераларының көмегімен дер кезінде әшкереленді, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияның хабарлауынша, бірінші жағдай тәулік бойы жұмыс істейтін мейрамханалардың бірінде болған. Сол жерде күзетші болып істейтін 37 жастағы ер адам қонақтардың бірі әмиянында ірі көлемдегі ақша барын байқап, ұрлық жасауға бел буған. Қонақ сыртқа темекі шегуге шыққан сәтті пайдаланған ол ақшаны жасырын алып кетіп, кезекшілігін тапсырып, жұмыс орнын тастап кеткен.
Ұрланған ақшаның ішінде еуро, доллар және рубль бар еді. Күдікті бұл қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, құмар ойындарға жұмсаған. Келтірілген шығын — шамамен 300 мың теңге. Бейнебақылау камераларының жазбасы арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ол жұмыс орнында ұсталды.
Екінші дерек қала тұрғынының пәтерінде орын алды. Тергеу мәліметінше, 43 жастағы күдікті таңертең спортпен шұғылданып жүрген азаматты байқап, оны аңдып жүріп, көпқабатты үйдің подъезіне дейін ілесіп кірген. Жәбірленуші үйіне оралғаннан кейін жуыну бөлмесіне кеткен сәтті пайдаланған ол ашық тұрған терезеден ақ түсті iPhone 14 телефонын ұрлап кеткен.
Келтірілген шығын көлемі — 350 мың теңге. Кейін күдікті ұрланған телефонды базарға сатып жіберген. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер бейнежазбалар арқылы оның жеке басын анықтап, ұстады.
"Қазіргі уақытта екі күдікті де уақытша ұстау изоляторында қамауда. Екі факті бойынша да Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", — деп хабарлады полиция.
Полиция азаматтарға пәтер терезелерін ашық қалдырмауды, ірі көлемдегі ақшаны қоғамдық орындарға алып шыққанда сақтық шараларын күшейтуді және мүлікке ұқыпты қарауды ескертті.