Қазақстанның мектептері мен колледждеріндегі буллинг үшін 10 мен 30 АЕК көлемінде айыппұл салынбақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның хабарлауынша, мектептер мен колледждерде "ДосболLIKE" антибуллингтік бағдарламасы енгізілуде.

Апталық жеке қауіпсіздік сабақтары қайта жанданып жатыр. Енді олар елдегі барлық балабақшаларда, мектептерде және колледждерде өтеді: әр апта сайын сынып сағатында 10 минуттан, жылына үш рет қайталанып отырады. Сабақтарда интернеттегі қауіпсіздік ережелері, алаяқтардан қорғану жолдары, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар және зорлық-зомбылықтың алдын алу тақырыптары қамтылады.

Оған қоса балаларға психологиялық қолдау көрсететін 20 орталық өз жұмысын жалғастыруда. Бұл орталықтар буллинг, зорлық-зомбылық және дағдарыс жағдайларына байланысты балаларға, ата-аналарға және педагогтерге көмек көрсетеді. Кеңес беру және шұғыл көмек тәулік бойы қолжетімді.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, "111" байланыс орталығының QR-кодтары барлық мектептерге орналастырылды. Балалар өз құқықтарының бұзылуы туралы анонимді әрі жедел хабарлай алады. QR-кодтар дәліздерде, баспалдақтарда және санитарлық бөлмелерде көзге көрінетін жерлерге ілінген. Барлық өтініштер тәулік бойы қабылданады.

Буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді: айыппұл – 10 АЕК, ал қайталанған жағдайда – 30 АЕК.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз