"Қазгидромет" РМК синоптиктері 2025 жылғы 3 қыркүйекке арналған синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа райы құбылыстарының болжамын жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Метеорологтардың дерегінше, ел аумағының басым бөлігі атмосфералық фронттардың ықпалында болады.

"Найзағай ойнап, жаңбыр жауады, түнде республиканың шығысында жауын-шашын (жаңбыр қарға ұласады) күтіледі. Солтүстікте, солтүстік-батыста, батыста бұршақ жаууы және екпіні күшті жел соғуы мүмкін", — деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.

Тек оңтүстік пен оңтүстік-батыста ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады.

Сонымен қатар республика бойынша жел күшейеді: батыста, оңтүстік-батыста, оңтүстікте – шаңды дауыл, ал солтүстікте, шығыста және орталықта түнде және таңертең – тұман түседі.

Айта кетейік, түнде Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында, Шығыс Қазақстан облысының шығысында, Ақмола облысының батысы, солтүстігі және орталығында топырақ бетінде -2°С дейін үсік күтіледі.

Күндіз Атырау облысында қатты ыстық болып, +35…+37°С-қа дейін көтеріледі. Ақтөбе облысының батысы мен оңтүстігінде +35°С ыстық болады.

Ал Алматы, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу облыстарында, Қарағанды облысының батысы мен солтүстігінде, Ақмола облысының батысы, оңтүстігі мен орталығында, Батыс Қазақстан облысының солтүстігі, оңтүстігі және шығысында, Атырау облысының солтүстігі мен батысында, Қостанай облысының батысында, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі бар.

Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында, Батыс Қазақстан облысының батысында, Алматы облысының батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде, Атырау облысының шығысы мен оңтүстігінде, Жетісу облысында, Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының оңтүстігінде, Ұлытау облысының шығысында төтенше өрт қаупі болжанады.