Алматылық мейірбикелер халықаралық рейс кезінде жолаушының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 17 тамызда Алматыдан Қазанға бағыт алған ұшақ бортында жолаушының жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Ер адамның артериялық қысымы 70/30 мм сын. бағ. дейін төмендеп кеткен. Тамыр соғысы әлсіз болған және әрең сезілген.

Жолаушыға сол жерде Қазаннан келген ультрадыбыстық диагностика дәрігері Наиля Ровкач пен Алматыдан оқуға іссапарға ұшқан Алматы онкологиялық орталығының мейірбикелері – Алтынай Тұржанқызы Қартабаева мен Айдильда Сұлтанбекқызы Қонақбаева көмек көрсеткен.

Дәрігердің айтуынша, жағдай шұғыл әрекеттерді қажет еткен.

Шектеулі кеңістік жағдайында инфузиялық терапия жүргізу қажет болған. Дәл осы жерде Наиля Ровкач алматылық мейірбикелердің кәсібилігіне тәнті болған.

"Олар қажетті нұсқауларсыз бірден жұмысқа кірісті. Іс-әрекет алгоритмін және қажетті дәрі-дәрмектерді нақты білді. Олардың кәсібилігі мені таңғалдырды. Біз көптен бері бір командада болғандай жұмыс істедік", — дейді Наиля Ровкач.

Төмен қысымға және жүйені ұшақ жағдайында орнатудың қиындығына қарамастан, мейірбикелер барлығын сәтті орындаған. Олардың жедел әрекетінің арқасында жолаушы есін жиып, шұғыл қонғаннан кейін қосымша тексеру үшін медициналық мекемеге жеткізілген.

ДСМ өкілдерінің хабарлауынша, дәл сол күні науқастың туған күні еді. Қазандық дәрігер мен алматылық мейірбикелердің жедел әрекетінің арқасында ер адам екінші рет өмірге келгендей болған.

Сондай-ақ Наиля Ровкач өз хатында ризашылығын білдіріп, мейірбикелердің кәсібилігін атап өтуді өтінген.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз