2025 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстандық сейсмологтар жер сілкінісін тіркеді. Бұл туралы Zakon.kz тілшісіне Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) баспасөз қызметі хабарлады.

Жер сілкінісі сағат 12:58-де ҚР ТЖМ "СБЗҰҒО" ЖШС-нің сейсмикалық станциялар желісімен тіркелді.

"Эпицентрі Алматы қаласынан 319 шақырым оңтүстік-шығыста, Қытай аумағында орналасқан. Эпицентрдің координаттары – 40.782º с.е., 78.865º ш.б. Тереңдігі – 5 км. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 12.3, магнитудасы (MPV) – 5.7. Сезілуі бойынша (MSK-64 шкаласы бойынша) – Алматыда 2 балл", – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі кезінде есте сақтау қажет 10 қарапайым қадамды еске салады:

  • Сабыр сақтаңыз, үрейге бой алдырмаңыз!
  • Дүмпулер кезінде лифт пен баспалдақты қолданбаңыз.
  • Терезе, жиһаз және люстралардан алысырақ тұрыңыз.
  • Қатты, сенімді жерге жасырынуға тырысыңыз: жоғарғы қабаттарда – көтергіш қабырғалар бұрышына жақындаңыз.
  • Ғимараттан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпулер тоқтаған соң).
  • Су, газ, электрді өшіріңіз.
  • Алдын ала дайындалған дабыл сөмкесін алыңыз.
  • Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз.
  • Қайталанатын дүмпулерге дайын болыңыз.
  • Қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіңіз.

2025 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанда жер сілкінісінен зардап шеккендерге байланысты терең көңіл айтты.