Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қаржы жүйесіне халықаралық инвесторлардың сенімі артып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, бұған Қазақстан даму банкінің Қытайдың жетекші қаржы институттарымен бірлесіп, алғаш рет юаньмен еурооблигация (Dim Sum bonds) орналастыруы айқын дәлел болды. Бұл тәжірибе Орталық Азияда алғаш рет жүзеге асып отыр.
Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығы еліміздегі инвестициялық ахуалдың сенімді тірегі екенін ерекше атап өтті. Бүгінде мұнда әлемнің түрлі елінен 4 200-ден астам компания жұмыс істейді, олардың ішінде 850-і – қытайлық бизнес өкілдері.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ірі жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасап отыр. Ол қытайлық кәсіпкерлерді Қазақстаннан сенімді серіктестер табуға шақырды. Сонымен бірге мұндай ынтымақтастық қытай бизнесінің де халықаралық беделін арттырып, жаңа даму көздерін ашатынын жеткізді.
– Екі ел арасындағы келісімдер стратегиялық серіктестікке жаңа серпін береді. Бұл міндеттердің барлығы Қазақстанның ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Сондықтан жобаларды жүзеге асыру барысы ел басшылығының жіті назарында болады, – деді Президент.