Қостанайда Конституцияның 30 жылдығына орай «Ата заң –тәуелсіздік тірегі: құқықтық мемлекеттің отыз жылдық дамуы» атты мерекелік конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, заң саласының мамандары, ардагерлер, мұғалімдер, мектеп оқушылары қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Салтанатты жиын барысында облыстық әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолова құттықтау сөз сөйлеп, Конституция ел тәуелсіздігінің, демократиялық институттардың және құқықтық мемлекеттің берік негізі екенін айтты.

«Конституция – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде айқындап берген еліміздің бас құжаты. Өткен отыз жыл ішінде елімізде болып жатқан игі өзгерістер, Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет болып қалыптасуының бәрі – Конституция қағидалары негізінде іске асырылып келеді. Биыл Ата заңымыз отыз жылдық тарихи белесті бағындырып отыр. Осы жылдар ішінде дамып, жетілген кемел Конституциямыз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттің құрылымын бекітіп берді», – деді департамент басшысы.

Жиын барысында Конституцияның тарихын, мән-маңызын баяндаған арнайы бейнеролик көрсетілді. Одан кейін сөз қоғам қайраткері, ардагер заңгер, Қазақстан Конституциясын әзірлеуге тікелей қатысқан Сергей Жалыбинге берілді. Тәжірибелі заңгер көпшілікке Конституцияны әзірлеу барысындағы тарихи сәттер туралы айтып берді.

Мерекелік іс-шара аясында 16 жасқа толған жасөспірімдерге алғаш рет жеке куәлік тапсыру рәсімі өтті. Құжаттарын алған балаларға Әділет департаментінің басшысы ізгі тілегін білдіріп, бұл сәттің азаматтық жауапкершіліктің бастауы екенін атап өтті.

Іс-шараның соңында Әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолова қазіргі цифрлық заңнамалық реформаларға кеңірек тоқталып, электронды сервистер мен онлайн-құқықтық көмек тетіктері туралы баяндады.

Қостанай облысы