Бірнеше жыл бойы мемлекеттік бағдарлама атын жамылып әрекет еткен екі таныс алаяқтық схемасын жасаған, деп хабарлайды Астана қаласының прокуратуры.
Олар кеңсені жалға алып, жұмыс істеп тұрған ЖШС-ның деректемелерін пайдаланып, азаматтарды жеңілдетілген шарттармен Астана мен Алматы қалаларында орналасқан жоғары санатты тұрғын үй алу, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында несие мен қарыз рәсімдеуге уәде беріп, жалған келісімшарттар жасасу арқылы жаңылыстырған.
Олардың әрекеттері нәтижесінде 150 жәбірленушіге 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Сот үкімімен сотталушылардың кәмелет жасқа толмаған балаларының болуын, шығынды жартылай өтеуі жеңілдететін мән-жай ретінде танылып және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескеріліп, олардың әрқайсысына 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 5 жыл мерзімге материалдық жауапты және басшылық қызметтер атқару құқығынан айырылды.
Келтірілген материалдық залал сотталғандардан өндірілді. Үкім заңды күшіне енді.