2025 жылғы 27 тамызда президент Дональд Трамптың әкімшілігі шетелдік студенттердің АҚШ-та болу мерзімін төрт жылмен шектеуді көздейтін жаңа ережені жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жаңа ереже белгілі бір виза иелерінің, соның ішінде шетелдік студенттердің, АҚШ-та болу мерзімін шектейді. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінде бұл шараны "визалық теріс пайдалануды" тоқтату мақсатымен түсіндірді. Олардың пікірінше, шетелдік студенттер "АҚШ-тың жомарттығын пайдаланып", колледждерде оқуды жалғастыра отырып, елде қалудың амалын тапқан "мәңгілік студенттерге" айналды.

"Өте ұзақ уақыт бойы алдыңғы әкімшіліктер шетелдік студенттерге және басқа да виза иелеріне АҚШ-та іс жүзінде шексіз уақыт болуға рұқсат берді, бұл қауіпсіздікке қатер төндірді, салық төлеушілерге орасан зор шығын әкелді және америкалық азаматтарды қолайсыз жағдайға қойды", – деп жазды Fox news басылымы мәлімдемеден үзіндіні.

1978 жылдан бері шетелдік студенттерге немесе F визасы иелеріне оқу орнына күндізгі бөлімге қабылданған уақытқа сәйкес АҚШ-та қалуға рұқсат етіліп келген. Жаңа ереже бойынша шетелдік студенттер мен алмасу бағдарламасына қатысушылар оқу бағдарламасының ұзақтығына сәйкес АҚШ-та бола алады, бірақ федералды үкімет бұл мерзімді төрт жылмен шектемек.

Сондай-ақ, жаңа ереже шетелдік журналистер үшін бастапқы болу мерзімін 240 күнмен шектейді. Олар тағы 240 күнге ұзарту туралы өтініш бере алады, бірақ бұл олардың жұмысының ұзақтығынан аспауы тиіс.

Айта кетейік, Дональд Трамп президенттікке кіріскеннен бері заңсыз мигранттармен күрес жүргізіп келеді және "америкалықтарды қауіпті шетелдік субъектілерден қорғау" саясатын ұстануда. 2015 жылдың көктемінде әкімшілік мигранттарға арналған "ерікті депортация" қосымшасын іске қосты. Елден өз еркімен кеткендерге бір мың доллар төлем және АҚШ-қа заңды негізде қайта кіру мүмкіндігі беріледі. Ал, биылғы жазда Трамп 12 елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салды.