Қазақстандық оқушылар жалпы есепте бір алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді .

Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Батырхан Мұхтархан Халықаралық экономика олимпиадасында алтын медаль иеленіп, абсолютті жеңімпаз атанды. Ол АҚШ, Канада, Қытай, Тайвань, Нидерланды, Польша, Чехия және басқа да елдердің қатысушыларын басып озып, Қазақстан тарихында алғаш рет бұл беделді білім сайысының жеңімпазы атанды.

Батырхан Мұхтарханнан бөлек, Елжан Заманбеков пен Нұрғаным Мұхамеджан күміс жүлдеге ие болса, Айым Жұбатқанға қола медаль бұйырды. Осы жетістіктердің нәтижесінде Қазақстан құрамасы 28 елдің ішінен жалпыкомандалық есепте 4-орынды иеленді.

Қазақстан құрамасын олимпиадаға Нархоз университетінің профессорлары мен мамандары дайындады. Үйлестіру жұмыстарына жауапты – университет оқытушысы Қуандық Тілеужанұлы. Ұлттық іріктеу кезеңдері мен финалға жолдама алған қатысушылардың дайындығы да Нархоз университетінде өткізілді.

Оқушыларға олимпиадаға дайындық кезінде Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин сәттілік тілеп, жігер берсе, олар жеңіспен оралғаннан кейін Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет құттықтады.

"Қазақстан құрамасының жетістігіне шын жүректен қуаныштымыз және олардың жеңіске жету жолында аз да болса үлес қосқаныма мақтанамын. Экономика – Нархоздың негізгі әрі күшті бағыттарының бірі. Жастардың осы салаға қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Команда мүшелерінің әрқайсысына алғыс ретінде университетімізде тегін оқу гранттарын табыстадық", – деді ол.

Economics Olympiad – 14–20 жас аралығындағы оқушыларға арналған ең ірі халықаралық жарыс. Олимпиада барысында қатысушылар микро және макроэкономика, қаржы, халықаралық сауда салалары бойынша білімдерін тереңдетеді. 2016 жылдан бері бұл олимпиадаға 350 мыңнан астам оқушы қатысқан.