Атырау қаласының қақ ортасында жолды битумсыз төсеп жатқаны әлеуметтік желіде үлкен дау тудырды. Белгілі қоғам белсендісі Арман Хайруллин жариялаған видеода құрылысшылардың асфальтты қажетті қоспасыз төсеп жатқаны анық көрінеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мынау не масқара! Қаланың қақ ортасында жолды битумсыз төсеп жатыр. Стыктарының атауымен жоқ. Бұл оның халыққа жасау керек ғұмырын азайтып тесіледі, уақытынан бұрын бұзылып, бюджетке тағы да күш салады. Екі шығын. Қалалық жол құрылысы басшысының міндетін атқарушы Алмас Сәрсенов бұл жерде жүруі керек қой. Сапаны бақылау ұйымдастырылмаған. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Былық!» – деп жазды ол.
Белсендінің жазбасының астында жүздеген пікір қалдырылған. Тұрғындардың көбі бұл жағдайды сапасыздық пен бақылаусыздықтың айқын көрінісі деп бағалады.
Халықтың пікірі
– «Осындай эксперттерді көбейту керек, осындайдың оқуын ашу керек», – дейді бір пікір иесі.
– «Битум шашса, оны КамАЗ жабыстырып алып кетеді, сондықтан шашпайды. Негізі Қазақстанда технология қате. Еуропада асфальттың астына битум шашпайды», – деп жазады тағы бірі.
– «Бізде технадзор дұрыс жұмыс жасамайды, біліктілігі жоқ әлде жемқор ма?» – деп ашуланғандар да бар.
– «Жаңа асфальттың ішінде тіпті 20% битум жоқ», – деген пікір де кездесті.
– «20 жылға дейін шыдайды дейді. 20 жыл тұрмақ, 2 жылға шыдамайды», – деп наразылығын білдірді тағы бір қала тұрғыны.
Жауаптылар қайда?
Қоғамдастық өкілдері жол құрылысына жауапты басшылардың халық алдында түсініктеме беруін талап етуде. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деген тіркес пікір білдірушілер арасында жиі айтылып, қадағалау мен сапаны тексерудің жоқтығына назар аудартты.
Тұрғындар әкімдік пен мердігер компаниядан нақты жауап күтуде. Өйткені битумсыз төселген жолдың ұзаққа бармайтынына көпшіліктің көзі жеткен.