Павлодарда суға батқан адамды құтқару үшін, сүңгуір-десанттар өзенге тікұшақпен түсірілді.
Мұндай әдіс алғаш рет қолданылып отыр. Бұл Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметі өткізген оқу-жаттығудың сценарийі. Құтқарушылар жоғалған адамды иісшіл иттердің көмегімен де іздеді.
Оқу –жаттығу Ертіс өзенінің бойында өтті. Сценарий бойынша балықшылар мінген қайық аударылып, адам өміріне қауіп төнді. Сүңгуір — десанттар өзенге тікұшақтан түсірілді.
Әдетте жаз айларында қауіп от пен судан келеді. Биыл шомылу маусымында 15 адам суға кеткен. Оның екеуі жасөспірім. Мамандардың айтуынша саланың материалдық-техникалық базасы жаңарып жатыр. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік артып, оқыс оқиға 20 пайызға төмендеді.
Серік Шериязданов, облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:
- Құтқару катері берілді, одан кейін дрон алынды, сүңгуір жабдықтары жаңартылды. Сүңгуір жабдықтарының бес данасы әкелінеді. Одан кейін 4 автокөлігі берілді. Қазіргі біздегі формалар сүңгуірлерге берілді. Осының арқасында адамдарды дер кезінде құтқарып, жұмыс атқарып жатырмыз.
Екінші оқиға бойынша құтқару десанттары техника өте алмайтын жерде қалған адамды іздеуге жұмылдырылды. Құтқару жасағының радиациялық-химиялық бөлімшесінің бас құтқарушысы Рашит Жігер мұндай тәжірибеден өткен. Ол Майқайың кенішінде болған апат кезінде ең бірінші болып 40 метр тереңдікке түсіп, екі адамның денесін тапқан. Рашиттің айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар әсіресе жас мамандар үшін маңызды.
Рашит Жігер, облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:
- Универсалды болу үшін жиі осындай шаралар өткізіліп тұруы керек. Тікұшақтан, биіктіктен, суда, өртте осындай іздеу жұмыстары жиі болса бұл жас мамандарға үлкен көмек болады.
Саналы ғұмырын ит үйретуге арнаған Галина Куценко таулы аймақтарда жоғалған туристерді құтқаруға атсалысады. Оның иттері биіктіктен қорықпайды және күрделі жағдайда жұмыс істеуге бейімделген.
Галина Куценко, облыстық ТЖД Кинологиялық бөлімшесінің жетекшісі:
- Бұл иттер тез үйренеді. Тікұшақпен, ұшақпен ұшу олар үшін қалыпты жағдай. Жалпы бір-екі рет ұшса жеткілікті. Тапсырманы бұлжытпай орындайды және өте сабырмен қабылдайды.
Жыл басынан бері облыс аумағында өміріне қауіп төнген 121 адам құтқарылған. Оқу-жаттығу барысында ұйымдастырушылар тікұшақ, қайық және қызметтік иттердің қатысуымен бірнеше сценарийді пысықтады. Мұның бәрі төтенше жағдай туындаған кезде құтқару қызметтерінің өзара тиімді әрекет етуі үшін қажет шаралар.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков, 24KZ