2025 жылдың 26 тамызында мамандандырылған тергеу соты Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысын, аудандық аурухананың бас дәрігерін және коммерциялық фирма директорын қамауға алуға санкция берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Олар 2025 жылғы 25 тамызда медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталған.
Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы бойынша жүргізілуде.
"Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", — деп хабарлады прокуратура.
Айта кетейік, 2025 жылғы 15 шілдеде облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Данияр Жандаевтың өз еркімен қызметінен кеткенін, бұған қоныс аудару себеп болғанын хабарлаған. Ол бұл қызметке 2022 жылдың қыркүйегінде тағайындалған, оған дейін екі жыл Қостанай қалалық ауруханасы басшысының міндетін атқарған. Жандаевтың тағайындалу кезінде 2020 жылдан бері жалғасып келе жатқан облыстық балалар ауруханасының жөндеуін аяқтау күтілген, алайда жұмыстар аяқталмаған.