ҚР Ұлттық тестілеу орталығы бүгін, 2025 жылғы 27 тамызда, ҚР азаматтығын алуға үміткерлерге маңызды ақпаратпен жүгінді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ұлттық тестілеу орталығы ҚР азаматтығын алуға үміткерлер үшін тестілеуге өтініштерді қабылдау 2-10 қыркүйек аралығында өтетіндігін мәлімдеді.
"Өтініш беру Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.Тестілеудің өзі 11 қыркүйекте өтеді". ҚР Ұлттық тестілеу орталығы
Тестілеу 3 бөлімнен тұратындығы атап өтілді:
- қазақ тілі бойынша тест (қазақ тілінде) – 30 тапсырма, шекті балл – 15;
- Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздері бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде) – 40 тапсырма, шекті балл – 20;
- Қазақстан тарихы бойынша тест (қазақ немесе орыс тілінде) – 30 тапсырма, шекті балл – 15.
Белгілі болғандай, ең жоғары балл – 100, шекті балл – 50.
Тестілеу уақыты – 2 сағат 10 минут. Мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар) тұлғаларға тестілеу тапсыру үшін қосымша 30 минут беріледі.
Ал, тестілеуге қатысу құны – 14 693 тг.
"Толық ақпарат testcenter.kz сайтында "Азаматтық алуға үміткерлерге" бөлімінде қолжетімді.Дайындығын жақсартуды қалайтын үміткерлер үшін тегін (testcenter.kz сайтында "Азаматтық алуға үміткерлерге" бөлімінде) және ақылы (app.testcenter.kz сайтында "Байқау сынағы" бөлімінде – 3355 тг.) байқау сынағы ұсынылған",- делінген ақпаратта.
Бұған дейін Қазақстанда азаматтыққа қабылдау кезінде мемлекеттік тілді білу талаптары өзгертілгені хабарланған болатын.