Енді қазақстандықтар интернет балансы болмаса да, Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish қызметтерін пайдалана алады, деп хабарлайды үкіметке ілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Цифрлық штабта мемлекет басшысының цифрландыру саласындағы алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бағытында бірқатар шешім қабылданған.
Мәселен, биылғы 15 қыркүйектен бастап Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish қызметтері мен ақпараттық жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін нөлдік тарифтеуді қолдану іске қосылады.
"Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish қызметтері мен ақпараттық жүйелері үшін нөлдік тарифтеуді қолдану азаматтардың мобилді шотындағы баланс нөл немесе теріс болған жағдайда мемлекеттік ресурстарға кепілдік беретін қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Мұндай қадам Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді және digital by default форматына көшудің маңызды кезеңіне айналады", — делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда 1 408 мемлекеттік қызметтің 368-і толық автоматтандырылған, тағы 984-ін одан әрі цифрландыруға болады, ал 56 қызмет проактивті форматқа көшірілген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз