Қазіргі уақытта солтүстік Газадағы бірқатар аурухана жарамсыз болып қалған.

Израильдің соққысынан онда тағы 40-қа жуық адам қаза тапқан, арасында балалар да бар, деп жазады inbusiness.kz сайты Associated Press басылымына сілтеме жасап.

Газадағы денсаулық сақтау өкілдері соңғы 24 сағатта Израильдің әуе шабуылдарынан кемінде 38 адам көз жұмғанын хабарлап отыр.

Палестиналық дәрігер жұма күнгі шабуылдан соң 10 баласының тоғызынан айырылғанын айтып, дабыл қағады. Бұл жағдай Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыстың қаншалықты екенін көрсетсе керек-ті. Әрі

Газа ашық аспан астындағы түрмеге айналған. Үлкен зиратқа ұқсап бара жатқаны да жасырын емес.

Газаның Денсаулық сақтау министрлігі наурызда атысты тоқтату режимі бұзылған сәттен бері 3 785 адам қаза тапқанын мәлімдейді. Израиль бұл іс-әрекетін ХАМАС-ты жою мен 2023 жылдың 7 қазанындағы шабуыл кезінде тұтқынға түскен 58 адамды босату мақсатында жүргізіп жатқанын айтқан.

Ал ХАМАС тұтқындарды тек толық бітім мен Израиль әскері Газадан толық шыққан жағдайда ғана босататынын хабарлады.

Айта кетейік, Израиль Газаға екі жарым ай бойы азық-түлік, дәрі-дәрмек және жанармай кіргізуге тыйым салды. Тек өткен аптада ғана халықаралық қысым мен аштық қаупінен соң ол жаққа шектеулі мөлшерде гуманитарлық көмек бара бастады.

АҚШ қолдап отырған жаңа жоспар аясында Израиль Газаға жіберілетін көмекті толық бақылауға алып отыр. Десе де, бұл процесті үйлестіретін америкалық маман жексенбі күні жұмыстан кеткен. Ол тәуелсіз әрекет етуге мүмкіндік берілмейтінін ашық айтқан. Жұмыстан кетуіне де осы фактор әсер етуі ықтимал.

Бұған дейін әлемге белгілі актриса Анджелина Джоли Газаның ашық аспан астындағы түрмеге айналғанын айтқан еді.