Павлодарда қоғамдық көлікте тегін ауысып міну жүйесі енгізілді. Жаңашылдық көлік картасы мен Avtobys қосымшасы арқылы қолжетімді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Басылым мәліметінше, 20 тамыздан бастап Павлодар қаласында қоғамдық көліктің жаңа, оңтайландырылған маршруттық желісі сынақ режимінде іске қосылды. Бір ай көлемінде жолаушыларға ауысып мінген кезде екінші жол жүру тегін ұсынылады.
"Егер сіз қала маңы бағыттарынан кез келген қалалық бағытқа (автобус немесе трамвай) немесе керісінше ауыссаңыз, екінші сапарыңыз тегін болады. Ол үшін бірінші сапарды міндетті түрде көлік картасымен немесе Avtobys мобильді қосымшасы арқылы төлеу қажет. Сондай-ақ ауысып міну бірінші сапарды төлеген сәттен бастап 60 минут ішінде жүзеге асырылып, екінші сапар электрондық төлем жүйесінде тіркелуге тиіс", — делінген Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің хабарламасында.
Басылымның хабарлауынша, банк картасымен, мобильді банк қосымшасы арқылы немесе мобильді оператордың шотынан төлем жасаған жағдайда бұл қызмет қолданылмайды. Тегін ауысып міну үшін көлік картасын пайдалану немесе Avtobys қосымшасы арқылы сапарды тіркеу қажет.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз