Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылғы 26 тамызда үкімет отырысында кейбір өңірлердің жылу беру маусымына уақытында дайындалмау қаупі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Үкімет басшысы жылу беру маусымына дайындықты жүйелі және сапалы жүргізудің маңыздылығын айтты.
"Солтүстікте жылу беру маусымы басталарға бір айдан аз уақыт қалды. Дегенмен, кейбір өңірлерде жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтамау қауіптері байқалады. Біз бірнеше әкімнің есептерін тыңдадық. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды барынша жылдамдату қажет", – деді Олжас Бектенов.
Оның мәліметінше, Ақмола облысында Степногорск ЖЭО-да резервтік қазандықты жөндеу аяқталмаған. Маңғыстау облысындағы ТЭЦ-2-де екі турбинаны жөндеу мерзімдері кейінге шегерілген. Сонымен қатар, Ақтау қаласындағы жылу желілерін реконструкциялау жұмыстарының қарқыны төмен.
"Әр өңірде осындай мәселелер бар. Бұл жағдай әлсіз жоспарлау мен әкімдердің қатаң бақылауының жоқтығын көрсетеді. Кейбір облыстарда қысқа дайындық бойынша өңірлік штабтардың жұмысы төмен деңгейде. Дұрыс координация мен бақылау арқылы көптеген қауіптерді болдырмауға болады", – деді Олжас Бектенов.
Премьер сәуір айында жабдықтарды жөндеуді негізсіз кейінге қалдыру тәжірибесін жоюды тапсырғанын еске салды. Алайда, оның айтуынша, KEGOC компаниясы әлі де энергия көздеріндегі жөндеулерді ұзарту рұқсаттарын беруді жалғастырып отыр.
"Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Жөндеулерді мерзімінде орындамау немесе негізсіз кейінге қалдыру фактісі бойынша Энергетика министрлігі қатаң шара қабылдауы қажет. Энергия кәсіпорындарына дайындық паспорттарын беру жұмысы басталды. Әкімдерге жылу беру маусымына дайындықты бағалау комиссиясына жеке қатысу міндеттеледі. Жазғы дайындық паспорты жоқ жағдайда жұмыс жасауға жол берілмейді. Егер дайындық паспорты жоқ күйде жылу беру маусымына кірсе, кінәлілер жауапқа тартылады", – деп қосты Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алуды тапсырды.