"Республикалық және облыстық бюджеттер, Республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы" заң жобасы әзірленді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құжат облыстық бюджеттен және республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінен республикалық бюджетке берілетін бюджеттік алып қоюлардың көлемін қамтиды:

2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет және трансферттер көлемі

  • 2026 жылға – 879 947 069 мың теңге;
  • 2027 жылға – 1 079 818 403 мың теңге;
  • 2028 жылға – 1 400 607 718 мың теңге.

Атап айтқанда, 2026 жылға облыстық бюджеттер мен республикалық маңызы бар қалалардың бюджетінен республикалық бюджетке бюджеттік алынулар белгіленді:

  • Атырау облысы – 262 404 282 мың теңге;
  • Алматы қаласы – 491 887 502 мың теңге;
  • Астана қаласы – 125 655 286 мың теңге.

2027 жылға:

  • Атырау облысы – 237 910 881 мың теңге;
  • Алматы қаласы – 600 946 982 мың теңге;
  • Астана қаласы – 240 960 540 мың теңге.

2028 жылға:

  • Атырау облысы – 278 969 171 мың теңге;
  • Маңғыстау облысы – 1 248 369 мың теңге;
  • Алматы қаласы – 699 746 657 мың теңге;
  • Астана қаласы – 420 643 521 мың теңге.

Сонымен қатар, республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге және республикалық маңызы бар қалалар бюджетіне берілетін бюджеттік субвенциялар қарастырылған:

  • 2026 жылға – 5 137 567 833 мың теңге;
  • 2027 жылға – 6 357 838 886 мың теңге;
  • 2028 жылға – 6 796 559 470 мың теңге.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, құжат үш жылдық кезеңге аралық бюджет трансферттерінің көлемін бекітуді көздейді, бұл бюджет жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және халыққа мемлекет кепілдік берген қызметтерді тең дәрежеде ұсынуға мүмкіндік береді.

"Заң жобасы республикалық бюджет пен өңірлер арасындағы қаражатты бөлудің тұрақты механизмін сақтай отырып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын теңестіруге және ең қажет ететін аймақтарды қолдауға жағдай жасайды", – делінген түсіндірмеде.

ҰЭМ сондай-ақ заңның қабылдануы өңірлік жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды тұрақты қаржыландыруға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыруға және жергілікті атқарушы органдардың қаржылық тәуелсіздігін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Трансферт көлемін орта мерзімді перспективаға бекіту жергілікті атқарушы органдарға шығыстарды дәлірек жоспарлауға және өздерінің салықтық әлеуетін дамытуға ынтасын арттыруға мүмкіндік береді.

Құжат "Ашық нормативтік құқықтық актілер" сайтында 17 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға қойылған.