Ақмола облысында жыл басынан бері көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 13 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Полицейлердің айтуынша, ереже бұзушылықтардың ішінде ең қауіптілерінің бірі – жолаушылар тасымалдайтын автобустарды заңсыз қайта жабдықтау.
"Мұндай өзгерістер жол-көлік оқиғасы кезінде жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Соған қарамастан, мұндай фактілер жиілеп келеді", — деп хабарлады полиция.
Солардың бірі – Екатеринбург – Алматы тас жолының 1291-шақырымында тоқтатылған Van Hool автобусы. Тексеру кезінде оның толықтай ұйықтауға арналған орындарға қайта жабдықталғаны белгілі болды. Салонда ересектермен бірге жас балалар да болып, автобус қозғалып келе жатқанда еркін жүріп жүргені анықталды.
Екінші жағдай Алматы – Астана – Қарағанды бағытындағы тасжолда тіркелді. Бұл жолы полиция қызметкерлері Kässbohrer Setra автобусын тоқтатып, оның да салоны заң талаптарына қайшы өзгертілгенін анықтады.
Екі автобуста барлығы 70-тен астам жолаушы, соның ішінде жүргізушілер де болған. Қос жүргізушінің үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы ("Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.