Еліміздің коммуналдық желілерін жөндеуге 6,8 трлн теңге қажет .
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев инженерлік инфрақұрылымның қазіргі ахуалына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, елдің 11 өңірінде жылумен жабдықтау саласындағы 22 табиғи монополия субъектісінің желілері 65 пайыздан астам тозған. Ең көбі Шығыс Қазақстан облысында – 4 кәсіпорын, ал Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында үш-үштен бар.
Электр энергетикасында да жағдай күрделі: 46 субъектінің 18-інде электр желілерінің тозуы 70 пайыздан асып кеткен. Сумен жабдықтау саласында 26, су бұру саласында 12 өңірдегі 24 субъект тәуекел аймағында тұр.
Жалпы, елімізде коммуналдық желілер жыл сайын табиғи түрде 2–3 пайызға (шамамен 4–5 шақырым) тозып жатыр.
– Қолданыстағы инфрақұрылымдардың пайдаланылғанына 50 жылдан асқан. Сондықтан инженерлік желілерді жөндеу көлемін айтарлықтай арттыру қажет, – деді Тимур Қосымбаев.