Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бүгін, 2025 жылғы 25 тамызда, салыққа қатысты маңызды ақпаратты бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
МКД мәліметінше:
"Қазіргі уақытта салық берешегі бар жағдайда, тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелерін ескере отырып, мәжбүрлеп өндіру тәсілдері мен шаралары 1 теңгеден бастап қолданылады. Бірақ банк шоттарындағы шығыс операцияларын тоқтату шарасы тек 6 АЕК-тен жоғары берешек болғанда ғана енгізіледі", — делінген хабарламада.
Департаменттің хабарлауынша, мәжбүрлеп өндіру шараларын қолданбас бұрын, тәуекелі орта және жоғары деңгейдегі салық төлеушілерге салық берешегін өтеу туралы хабарлама жолданады (салық берешегі пайда болған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей).
Сонымен қатар азаматтарға ҚР Салық кодексінде тәуекел дәрежесіне байланысты емес, салық берешегін мәжбүрлеп өндірудің дифференцияланған тәсілі көзделгені еске салынды:
- 20 АЕК-ке дейінгі берешек (78 640 теңгеге дейін) – салық берешегі туралы хабарлама жіберіледі, өсімпұл есептеледі, басқа шаралар қолданылмайды;
- 20-45 АЕК аралығы (78 640 – 176 940 теңге) – салық берешегін өтеу туралы хабарлама жіберіледі, банк шоттары мен кассадағы шығыс операциялары тоқтатылады, инкассалық өкім қойылады;
- 45 АЕК-тен жоғары берешек (176 940 теңгеден астам) – барлық шаралар қолданылады: мүлікті түгендеу және сату, дебиторлар есебінен өндіру;
- 27 000 АЕК-тен жоғары берешек (106 164 000 теңгеден астам) – елден шығуға шектеу (3 ай ішінде өтелмеген жағдайда сот санкциясымен), банкроттық рәсімі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда жанама әдіспен салық салу объектілерін айқындау қағидалары әзірленгенін хабарлаған едік.