Бұл – Орталық Азияның жаһандық цифрлық конференциясы .
12-14 қыркүйекте Шымкент қаласында алғаш рет Global Tech Wave Central Asia халықаралық цифрлық конференция өтеді.
GTW CA – бұл технология саласындағы жаһандық көшбасшыларды, стартап қауымдастықтарын, инвесторлар мен халықаралық корпорациялардың өкілдерін біріктіретін алаң. Конференцияны ұйымдастыруға YouTube, SIRI, Atari, Ubisoft, Griffin Gaming сияқты әлемдік серіктестер бастамашы болған. Олар өңірдің цифрлық болашағына сенім білдіріп қана қоймай, оны дамытуға инвестиция құюға дайын екендерін жеткізді.
Іс-шараға Y Combinator, 500 Startups, Andreessen Horowitz (a16z), European Business Angels Network секілді жетекші венчурлық қорлар мен акселераторлар қатысатынын алдын ала растады. Бұл қазақстандық стартаптар үшін инвестиция тарту, менторлық қолдау мен стратегиялық серіктестік орнатуға үлкен мүмкіндік береді.
GTW CA – LA Tech Week апталығынан басталған жаһандық бастаманың бір бөлігі. Шара Грузияның Тбилиси қаласында (20-22 маусым), одан кейін Шымкентте, әрі қарай Үндістан мен Уругвайда жалғасады.
Үш күн бойы Шымкент қаласының әртүрлі нүктелерінде 30-дан астам іс-шара өтеді. Олар Web3, жасанды интеллект, финтех, сондай-ақ мәдениет пен қоғамдағы цифрлық трансформация тақырыптарын қамтиды. Сонымен қатар, кино, гейминг және киберспорт бағыттары алғаш рет конференция аясында таныстырылады.
Конференцияның екінші күні іскерлік және көрме бағдарламасына арналмақ. 120-дан астам спикер қатысатын панельдік сессиялар, B2B және B2G кездесулер, сондай-ақ компаниялардың көрмеде таныстырылымы жоспарланған. Бұған қоса, екі халықаралық стартап байқауы өткізіліп, келешегі зор жобалар жаһандық аудитория алдында өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік алады.
20-дан астам елден қатысушылар жиналады деген болжам бар.
"Global Tech Wave Central Asia – бұл тек технологиялық прогресс алаңы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның бай мәдениетін жаһанға танытатын мүмкіндік. Еліміз Орталық Азиядағы жаңа инновациялық хабқа айналып келеді. Осы эстафетаны Үндістанға табыстау алдында біз үлкен жауапкершілікті сезінеміз", – деді GTW CA жобасының жетекшісі Қымбат Нұртаева.