Жақындарымен Ақтөбеге барып, аттракционға мінген бес жасар қыз баланың саусағы жұлынып кетті. Қасында әжесі болыпты. "Жұлдызша" әткеншегіне мінбек болған баланың қолын темір шынжыр тартып кеткен, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

"Абырой болғанда саусағын ғана алып кетіп тұр. Баланың өзін алып кеткен жоқ. Баламды алып кетсе қалай болар еді, "баланың өзі кінәлі" деп тұра ма? Бұл — бала, ол жерді ұстамау керек екенін білмейді ғой. Ол жерді жауып қоюы керек. Қауіпті. Баланың қолын жұлып кетеді, өзін айналдырып алып кетеді ал", — дейді зардап шеккен баланың анасы.

Дәрігерлер ота жасады. Бүлдіршіннің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

"Саусақ алып келді, қарадық саусақ механизмге қысылған, жаншылған. Жаны жоқ. Оны орнына тігуге келмейді. Біздер басқа мамандарға көрсеттік, келмейді. Сондықтан орны тегістеліп қалпына келтірілді.Көмек көрсетілді.Емін алып жатыр.Қазір жағдайы қалыпты", — дейді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігер травматологы Қуантай Махамбетов.

Қайғылы жағдай болған аттракцион жұмысын жалғастырып жатыр. Кешен өкілдері пікір беруден бас тартты. Ата-ананың арызынан кейін полиция қылмыстық іс қозғаған, тергеу басталды. Ойын алаңындағы құрал-жабдықтардың жарамдылығын арнайы комиссия тексермек.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз