Талдықорған қаласында бақылаулы сатып алу жүргізілді.

Жетісу облысының полицейлері жедел-іздестіру шаралары барысында электронды темекі жүйелерінің заңсыз сатылымын тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның барысында “1” лақап атымен танылған азамат WhatsApp мессенджері арқылы 27 жастағы жергілікті тұрғын “2”-ден электронды темекі құрылғысын сатып алған. Тауарды жеткізуді курьер “К” жүзеге асырды.

Операцияның әрі қарай дамуы кезінде “2”-нің жұбайы – 28 жастағы жергілікті тұрғын “3” ұсталды. Оның Toyota автокөлігінен полиция қызметкерлері 275 дана “вейп” тауып, тәркіледі.

Сонымен қатар полицейлер 20 жастағы азамат “3”-ті де ұстады. Ол такси жүргізушісі ретінде бүркемеленіп, осындай тауарларды клиенттерге жеткізіп отырған.

Құқық қорғау органдары атап өткендей, темекіні тұтынудың электронды жүйелері денсаулыққа айтарлықтай зиян келтіріп, әсіресе жастар арасында тәуелділік қалыптастырады. Вейптерді заман індеті деп атап, келер ұрпақ үшін қауіпті салдар туғызатынын ескертеді.

Полиция ескертеді: шылымсыз темекі өнімдерін, электронды тұтыну жүйелерін (вейптерді), сондай-ақ оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.