2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 43,4 мың отбасындағы 232,5 мың адамға 10,4 млрд теңге сомасында тағайындалды. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 132,9 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бүгін, 26 мамырда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕӘҚМ) атап өткендей, АӘК-тің негізгі мақсаты ақшалай төлемдер түрінде қолдау көрсету және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығаруға көмектесу болып табылады.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылғы 1 мамырға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 74,4 мың балаға 1,4 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
"Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады." Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% – нан төмен емес деңгейде айқындалған