Жаңаталапта бала саны жетпегендіктен мектеп жабылып жатыр.

Еліміздің солтүстігінде жаңа оқу жылы қарсаңында жеті мектеп жабылатын болды. Өйткені, білім ошақтарында оқушы саны бес балаға да жетпей қалған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Оның үстіне тоз-тозы шыққан елді мекендерде жұмыс та жоқ. Сәйкесінше, екі қолға бір күрек таппаған тұрғындар қалаға жаппай көшіп жатыр екен. Ауылдың болашағына алаңдаған халық жергілікті биліктен көмек сұрап отыр. Олар туып-өскен жеріміз Қазақстан картасынан жойылып кете ме деп алаңдайды.

Жаңаталапта бала саны жетпегендіктен мектеп жабылып жатыр. Биыл ауылда үшінші сыныпқа баратын екі оқушы ғана бар. Сондықтан оқу орнының есігіне құлып салынды. Кезінде базары тарқамайтын елді мекенде өлі тыныштық. Ауылдың түтінін өшірмей отырған жиырма үй ғана бар. Туған жерін қимай жүргендердің дені зейнеткерлер.

Еңбек ауылында да қаңырап бос тұрған ғимарат көп. Туған жерін қимай отырған ондаған отбасының басты кәсібі мал шаруашылығы. Олар елді мекен карта бетінен жойылмаса деп тілейді. Тіпті, білім ұясын алып қалу үшін көрші ауылдан көпбалалы отбасыларды көшіріп әкелген екен.

Шал ақын ауданында жыл сайын мектептердің жабылып жатқанын аудандық атқамінерлер де мойындайды. Былтыр Социал, биыл Жаңаталап пен Астаған ауылдарындағы білім беру мекемелерінің жұмысын тоқтату туралы шешім шығарған. Оның себебі де бар.

Еліміздің солтүстігінде жаңа оқу жылы қарсаңында жеті мектеп жабылуға тиіс. Халық саны елуден аспайтын елді мекендер болашағы жоқ ауылдар тізіміне де еніп кетуі мүмкін.