Елордада қазіргі уақытта өмір сүру ұзақтығы ел бойынша жоспарланған деңгейден 3,5 жылға жоғары, ал 2029 жылға белгіленген мақсатты көрсеткіштен 2 жылға асып отыр. Бұл туралы қала Денсаулық сақтау басқармасының орынбасары Айнұр Төлеуова мәлім етті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Басқарма басшысы орынбасарының мәліметінше, әсіресе Астанада туберкулёзге қарсы күрестегі жетістіктер айтарлықтай жақсарған.

"Аурушаңдық 21,5%-ға, ал өлім-жітім 6,5%-ға азайды. Инсультті емдеуде госпитальдық өлім-жітім 8%-ға төмендеді, ал ауруханадан шыққаннан кейін үйде бір ай ішінде болатын өлім-жітім 32%-ға азайды. Онкологиялық көмекті ерте анықтау үлесі өсіп келеді: қазіргі таңда аурулардың 34,6%-ы бастапқы кезеңде диагностикалануда, бұл кезде емдеу ең тиімді", деп елорда әкімдігі маман сөзін келтіреді.

Сонымен қатар, миокард инфарктісін емдеудегі көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған: барлық пациент ұсынылған 120 минут ішінде тері арқылы коронарлық араласу орталығына жеткізіледі.

Жедел жәрдемнің келу уақыты да қысқартылған – шақырулардың 98,1%-ы 40 минут ішінде орындалуда.

Ведомство өкілі нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіштеріндегі оң өзгерістерді де атап өтті. Мысалы, тұқым қуалайтын дамудағы ақаулардан болатын өлім-жітім екі есеге төмендеп, 14-тен 8 жағдайға дейін қысқарды. Сондай-ақ, биыл инфекциялық себептерден болатын өлім-жітім тіркелген жоқ.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі жоғары және орташа қауіпті медициналық ұйымдардың тізімін толықтырғанын жазғанбыз.