Желіде тағы бір судьяның түсініксіз әрекеті түсірілген видео тарады. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі бұған қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Аталған видео Telegram желісіндегі Egov. press арнасында жарияланды.
Кадрлардан судьяның сот залындағы біреуге қарап, ортаңғы және сұқ саусақтарын бір-бірімен торға ұқсас етіп айқастырып көрсеткенін байқауға болады.
"Сот барысында ол түсініксіз қимыл көрсеткен. Бейнежазбада Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бәкірбаев Бақытхан Ергешұлы", — деп жазылған видео сипаттамасында.
Алматы сотының баспасөз қызметі өкілдері бұған қатысты түсінік берді. Олардың мәліметінше, бұл жағдай 2024 жылы болған.
"2024 жылы Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында резонансты қылмыстық іс бойынша үш айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қаралды.
Сот отырысы барысында процеске қатысушылардың бірі залдан шығып кетуге әрекет жасаған. Судья мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін білдірді, себебі дәл сол сәтте бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне өзгерту мәселесі қаралып жатқан болатын. Аталған қимыл тек сот тәртібін сақтау мен процестің дұрыс өтуін қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
️Өтінішті қарау қорытындысы бойынша сот айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданудан бас тартты. Қылмыстық істің мәні бойынша сот ақтау үкімін шығарды. Бұл үкім жоғары тұрған сотта өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.
Айта кету керек, іс қарау барысында судьяның сот отырысындағы әрекеттеріне қатысты шағымдар түскен. Аталған шағымдарды қарау нәтижесінде Судьялық әдеп жөніндегі комиссия судьяның кейбір әрекеттеріне қоғамдық сөгіс жариялады", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз