Маңғыстау облысында киік ұшалары мен мүйіздерін заңсыз сақтаған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 20 тамызда ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Белгілі болғандай, Бейнеу ауданының Тұрыш ауылындағы бір үйдің ауласынан киікке қатысты заңсыз әрекеттердің дерегін анықтады.

Тінту кезінде Қызыл кітапқа енгізілген 9 киіктің ұшасы, 30 мүйізі, сондай-ақ 16 мм калибрлі оқ-дәрілер мен өзге де заттай айғақтар табылып, тәркіленді.

"Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, материалдар СДТБТ-ға енгізілді. Тәркіленген айғақтар сараптамаға жіберілді",- делінген ақпаратта.

Сондай-ақ, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден кетпеу туралы қолхат алынғандығы атап өтілді.

Бұған дейін Алматыда шетелдік алаяқтарға көмектескен екі азамат ұсталғандығын жазғанбыз.