ҚМА Жетісу облысы бойынша департаменті субсидия жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 20 тамызда агенттіктің Telegram-арнасындағы ақпараттан белгілі болды.

"Күдікті, ЖШС-нің басшысы бола отырып, екі жыл бойы жалған құжаттарды пайдаланып, мемлекет тарапынан сүт өнімдерін қайта өңдеуге бөлінген субсидияларды заңсыз түрде "Ауыл шаруашылығы басқармасынан" ММ алып отырған. Келтірілген жалпы залал 300 млн теңгеден асты. Заңсыз алынған 110 млн теңге мөлшеріндегі субсидия күдікті тарапынан құмар ойындарға жұмсалған",- делінген ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, шығындарды растау үшін басқармаға жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алу жөніндегі өзара есеп айырысулар туралы жалған құжаттар мен май өндіру бойынша жалған мәліметтер ұсынылған.

"Сот санкциясымен құны 300 млн астам теңге болатын зауытқа тыйым салынды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамаққа алу түрі қолданылды. Тергеу жалғасуда",- деп мәлімдеді ҚМА.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Бұған дейін ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті "Comfort Time" ЖШС және басқа да бақылаудағы кәсіпорындардың басшылығына қатысты алдау арқылы мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізуде екенін жазғанбыз.