Түркістан облысында туризм саласына 60 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылмақ
Түркістан облысында туризм саласының қарқынды дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірде 245 қонақ үй, 298 демалыс орны және 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қонақ үйлерге жайғасқан туристер саны 61,3 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға өсті. Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов брифинг барысында мәлімдеді.
Сала басшысының айтуынша, биылғы жылдың басынан бері өңірдегі туризм саласындағы қызмет көлемі 1,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,3 пайызға артқан. Сондай-ақ 2025 жылдың алты айында табиғи аумақтарға келген келушілер саны 80,2 мың адамды құрады. Ал тарихи орындарға барған туристер саны 520,7 мыңға жеткен.
Биыл туризм саласына тартылған негізгі капитал көлемі 33 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражатқа бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі және «Болашақ құрылыс» ЖШС-нің демалыс аймағы салынуда.
Өңірге келетін шетелдік туристердің қатары да артып келеді. «E-qonaq» жүйесінің дерегіне сәйкес, қаңтар-маусым айларында Түркістанға 24 мыңға жуық шетелдік турист келген. Олардың ішінде Қытай, Жапония, Италия және Германия елдерінен келген қонақтардың үлесі басым. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында Түркістан туралы кең көлемде жарияланымдар шығып, өңірдің туристік әлеуеті әлемге таныстырылуда.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін өңірде бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілмек. Олардың қатарында ескек есу каналы, Қолөнершілер қалашығы және Күлтөбе қалашығы жобасы бар. 2025 жылы жалпы 27 инвестициялық жоба іске асырылып, 26,3 млрд. теңге көлемінде қаржы тартылады. Бұл жобалардың нәтижесінде 1130 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, туристік инфрақұрылым саласында 11,3 млрд. теңгеге 6 жоба жүзеге асырылмақ.
Жыл қорытындысымен Түркістан облысына келетін туристер саны 350 мың адамға жетеді деп болжануда. Жалпы саладағы инвестициялар көлемін 55,8 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.