Әлемге танылған опера әншісі Майра Мұхамедқызы сүйінші жаңалығын бөлісті , деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол Мәдениет және өнер қызметкерлері күні ерекше дәрежеге ие болды.

«Қытайдың Сиань консерваториясы маған профессор атағын табыстады.

Бұл консерваторияда 6000 болашақ музыканттар өз мамандығы бойынша оқитын білім ордасы. Консерваторияға түсу бақыты – сол адамның маңдайына қонатын бақ. Әсіресе, бұл білім ордасында профессор болу деген… сөзбен жеткізе алмаймын»,- деп жазды ол.

Майра Мұхамедқызы қаншама жыл тер төккен «Шабыт» ұлттық консерваториясына реніші барын жасырмады.

«11 жыл бұрын Қырғыз ұлттық консерваториясының профессоры атанғанмын. Ал біздің Астанадағы «Шабыт» ұлттық консерваториясында қанша жыл жұмыс істеп, шәкірттерім халықаралық конкурстарда 1-орын алса да, бір жапырақ алғыс хатқа жарымадық. Бірақ, шүкір! Халықтың махаббатынан артық не керек деп жүре бердік»,- деді ол.

Өнер иесі енді Сианьға жылына кем дегенде екі рет барып, мастер-класс беріп тұратын болды.

Айтуынша, әр сабақтың құны өте қымбат.

«Бағасын айтсам, біреулер депрессияға түсуі әбден мүмкін. Аллама мың шүкір! Абырой биігінен түсірмесін», — деді Майра Мұхамедқызы.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы Париждегі «Гранд Операда» қазақтың атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі.

Еске салайық, опера әншісі Шымкенттегі театрға директор болып барғанда өзін қорқытып, кетіп қалуын айтқан жігіттердің көп болғанын мәлімдеген еді.