Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев 2025 жылғы 19 тамызда Үкімет отырысында теміржол желілерінің тозуы пойыздардың жылдамдығына әсер етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Оның айтуынша, теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы 16 мың км-ді құрайды, ал тозу деңгейі 57%-ға жеткен.
"Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Инфрақұрылым өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп тұр. Тасымалдаудың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін 2030 жылға дейін жаңа жолдар салынып, 5 мың км жол жаңғыртылады. Сонымен қатар, 11 мың км жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде", – деді Нұрлан Сауранбаев.
Министрдің сөзінше, қазіргі таңда бес жобада құрылыс жұмыстары жүргізілуде: "Достық – Мойынты", "Алматы айналма жолы", "Дарбаза – Мақтарал", "Мойынты – Қызылжар" және "Бақты – Аягөз".
"Биыл екі ірі жоба мерзімінен бұрын аяқталады: "Достық – Мойынты" учаскесі мен "Алматы айналма жолы". Келесі жылы "Мойынты – Қызылжар" және "Дарбаза – Мақтарал" жаңа теміржол желілері пайдалануға беріледі. Сондай-ақ биылдан бастап 3 мың км теміржол учаскелерінде ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар жаңа жолдар салумен тең. Мәселен, "Қызылжар – Сексеуіл" учаскесінің өткізу қабілеті 8 пойыздан 25-ке, ал "Қандыағаш – Тобыл" учаскесінде 7 пойыздан 25-ке дейін артады", – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Министрдің айтуынша, бұл жобалар Қазақстанның толыққанды теміржол қаңқасын қалыптастырады.